Өскелең ұрпақтың тұлғалық әлеуетін барынша ашуға бағытталған ұлттық білім берудің басты мақсаты – рухани дамыған, адамгершілігі мол тұлға тәрбиелеу. Азаматтылық, отансүйгіштік, шыдамдылық, басқалардың ар-намысы мен құқықтарын сыйлау, мейірімділік пен парасаттылық, жауапкершілік пен белсенді өмірлік ұстаным жаңа мыңжылдық азаматының басты белгілері болып табылады.
Тұлғаның жан-жақты әрі үйлесімді дамуына бағытталған рухани-адамгершілік білім беру Қазақстан Республикасында түрлі жолдармен жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі 2010 жылдан бастап оқыту мен білім берудің барлық сатыларының оқу жоспарларына еңгізілген «Өзін-өзі тану» пәні.
«Баланы жалпыадамзаттық құндылықтарға аптасына бір сағат ішінде үйрету мүмкін емес. Ол үшін баланың айналасы сол құндылықтарға сіңірілген болу керек» - деген жоба авторы С.А.Назарбаева.
Сүйіспеншілік, ақиқат, жан тыныштығы, қиянат жасамау және дұрыс қарым-қатынас сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар білім берудің өзекті түйіні болу керек.
Білім берудегі басымдықтарды дұрыс қоймаудың нәтижесінде дарынды оқушылар бағдарлама бойынша қажетті білімдер мен дағдыларды меңгергенмен, оларды қоғам игілігі үшін және өзінің ары қарай дамыту мақсатында қолдана алмайды.
Осы жерде ұлы философ Сократтың сөзін айтсам артық болмайды: «Кез келген білім шындық пен ақиқаттан алшақ болса ол даналық емес, қулық болып саналады...». «Мен физиканы оқытамын», «Мен географияны оқытамын» дегеннің орнына, біздер «Мен өскелең ұрпақты оқытамын» дегеніміз абзал. Бастысы пәнді оқыту емес, пән арқылы рухани-адамгершілігі дамыған тұлға тәрбиелеу. Оқыту үдерісінде ең маңыздысы –жақсы мінез-құлықты, ішкі ар-ұждан дауысына сәйкес келетін лайықты тұлға болу.
Білім беру үрдісінде маңыздысы белгілі білім жинақтау емес, жақсы мінезді,
ішкі жан дүниесімен үйлесімді өмір сүретін, ар-ұяты бар, лайықты тұлғаның қалыптасуы.
«Өзін-өзі тану» пәнін оқу-тәрбие үрдісіне ықпалдастыру – бұл алдымен пәндерді оқыта отырып, тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, жалпыадамзаттық құндылықтарды жас өспірімдердің бойларына сіңірту, қоғамымыздың негізін қалау. Әрбір пән, әрбір жоспарланып өткізілген іс-шара балалардың бойында ұлттық сананы қалыптастыруының құралы бола алады.
Ұлы педагог Шалва Амонашвили “Балалар білімді аңсайды, бірақ олар жанды білімді аңсайды” деген екен. Осы орайда «Жанды білім дегеніміз не? Жансыз білім дегеніміз не?» - деген сияқты сұрақтар туындайды.Ізгілік педагогикасын шабыттандырушы Ш.А. Амонашвили бұл сұраққа былай деп жауап береді: бұл – біз алдын-ала білетін, алайда мүлдем білмесек те болатын білім, бұл – айтыла салысымен бірден ұмытылатын білім. Жалпы айтқанда, жансыз білім дегеніміз жасөспірімдер мектептің табалдырығын аттамай жатып, мектепте қалдырып кететін және оған қызықпайтын білім.
Ал жанды білім Білім беру Мәдениетін құрайды. Жанды білім дегеніміз, ол: адамды рухтандырады; ғылымның көкжиегіне бастайды; өмірді жаңаша құруға жетелейді; іздену үшін ойларды шабыттандырады; нұрландырады және дамытады. Жанды білім қанат бітіреді, жансыз білім салмақ түсіреді. Біз балаларымыздың құнды өмірлерін сарп ететін жансыз білімнің ауыр жүгін жаттауға және есіне сақтауға мәжбүрлейміз. Өмірлерінің қайсыбір кезінде емес, нақ осы сәтінде дамып және есейіп келе жатқан адамның қабілеттілігі мен дарындылығы, танымдық ниеттері мен көзқарастары қуатты түрде дамып, өзіне әлемнің тұтас бейнесін бейнелеген болар еді. МЫСАЛЫ:
«Өзін-өзі тану» пәнімен интеграцияланған қазақ әдебиеті
сабағының мысалдары
Тақырыбы: Сәкен Сейфуллин «Көкшетау»
Құндылық: Сүйіспеншілік.
Қасиеттер:қамқорлық, мейірімділік, адалдық.
Бұл жерде тау жыныстарына назар аудара отырып, адам өмірде биікке жету үшін тау сияқты көп қатпарлардан өту арқылы шыңға жетуі немесе рухани бастауға жету жолдарын түсіндіріп кетемін. Әйгілі педагог Н.И.Пирогов «Барлық біздің адамгершілігіміз, шындық, мейірімділік, жарық – бәрі де білім. Тәрбиелемей отырып оқыту, ол оқыту емес, ол басқа бір нәрсе істеу» деген. Білім беру кеңістігін жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту арқылы балаларды тек парасаттылықтарын дамытумен қатар өсіп келе жатқан тұлғаның адамгершілік іргетасын қалау болып табылады.
Абай айтқандай: «Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен байланысты. Яғни, ішкі жан дүниені жетілдіру керек».
Адам сыртқы әлемге тұрақтамай, мәңгілік құндылықтарға тұрақтау керек, өйткені ол өзгермейді. Қандай ұрыс – керіс, жанжал қарсылық болмасын барлығын сүйіспеншілікпен жеңу керек және мұғалімнің мынандай заңдарын өзіме керек еттім: баланы сүю, түсіне білу, шабыттандыра білу.
Халқымыздың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтына қызмет ететін болғандықтан, тәрбиеші баланы өз ұлтының тәрбиесімен тәрбиелеу керек» деген қанатты сөзі бір ғасыр уақыт өтсе де өз мәнін жойған жоқ. Қазір жаһандану мәселесі тұрғанда ұлттық тәрбиенің баланы ұлтжандылыққа тәрбиелеуде маңызы зор деп есептеймін. Сондықтан ұстаз да өткен тарихтан сабақ ала отырып, оқушы жүрегіне жол таба алса, нұр үстіне нұр болар еді.