«Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын басқа пәндермен интеграциялау»
Оспанова Баян Балташевна
Зеренді ауданы әкімдігінің
«Мәлік Ғабдуллин негізгі мектебі» КММ
директорының оқу-тәрбие ісінің орынбасары
«Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойына да сүйіспеншілікті дамыта алмайды..»
Ш.Амонашвили
Жас ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз – оқушының өмірдегі өз орнын табуына, олардың өзін-өзі жан-жақты жетілдіріп отыруына жағдай жасау. Сонымен қатар баланы айнала қоршаған ортадағы адамдар мен жан-жануарларға және экологияға жақсылық тілеп, өз бетімен қайырымдылық жасауға тәрбиелеу. Осы аталған тәрбиені жүзеге асыруда мектептерде жүргізіліп келе жатқан «Өзін-өзі тану» пәнінің маңызы зор.
Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі – мейірімділікке, қайырымдылыққа, өзара көмек көрсетуге бағытталған адамдағы ізгіліктік құндылықтарды ашуды көздейтін мектептің ең маңызды міндеті, оқу-тәрбие үрдісінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Мектеп жасындағы кезең балалардың адамшершілік қасиеттерін дамыту үшін қолайлы болып табылады, өйткені осы жас шамасында тұлғаның әрі қарай үйлесімді дамуының негізі қаланады.
Сол себепті, мектептегі тәрбиелік үдеріс оқушыларға жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тәрбие мен оқу қызметтерін біріктіретін жаңа дүниетанымын ашу керек.
Білім беру жүйесіндегі рухани-адамгершілік тәрбиенің жаңа сапалы сатысы – бұл мектептің біріңғай білім беру кеңістігіне, оның іс-әрекетінің барлық түрлеріне және мектептегі білім берудің дәстүрлі әдістемелеріне «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының интеграциялануы.
Оқушы тұлғасын тәрбиелеу мен дамыту үдерісі келесі бағыттар бойынша жүзеге асады: оқу-тәрбие үдерісі барысында ұйымдастырылатын сабақ, сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыс түрлері, мектептегі ахуал мен кеңістік. Оқушыларды тәрбиелеу ісінде нәтижеге қол жеткізу үшін осы бағыттар бір ортақ оқу-тәрбие жоспары бойынша, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеудің ортақ міндетін шешуге жұмыс істеуі қажет.
Мектептің тәрбие жүйесі оқушы тұлғасын тәрбиелеу үшін құрылады және ізгілік бағытта болуы тиіс. Ол оқушыларға тек сабақтар, мұғалімдер, оқулықтар, үй тапсырмалары арқылы әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен бірге, қоршаған ортамен байланыс, оқушылар, сынып мұғалімдері мен ата-аналар арасында қалыптасқан құндылықтық қатынастарды орнату, ересек адамдар мен балаларды біріктіретін дәстүрлер арқылы ықпал етеді.
Қазіргі кезде көп айтылып жүрген интеграция яғни, аралас пәндердің өзара ықпалдасуы олардың мазмұндық, құрылымдық, ғылыми-теориялық және жалпыпедагогикалық аспектілерінің кірігуімен ерекшеленеді. Кіріктірілген пәндердің өзара байланысын төмендегідей белгілеріне қарай сипаттауға болады:
– ықпалдасу негізділігінің пәндік мазмұнға, оқыту нысаны мен әдістеріне сәйкестігі;
– білім мазмұнын сұрыптауда білім, білік дағдыларының құндылықты бағдарлы мәнділігін сақтау ұстанымының ескерілуі;
– оқушылардың компетенттілігін, тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологиялық әдіс-тәсілдердің жиынтығы болуы қажет.
Қай пән болмасын ықпалдасқан сипатта қызмет ете алатындықтан «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын өзге пәндермен ықпалдастыруда пәнаралық, пәнішілік байланыстар мен оқушының іс-әрекеттік қызметін арттыруға баса назар аударылады.
Әр түрлі оқу пәндерінің өзара байланысы негізінде алынған пәнаралық білім, білік, дағды сабақтан тыс іс-әрекеттерде де қолданылуы тиіс. Осы білімдерді игеру, біліктіліктерді қалыптастыру, дағдыларды дамыту барысында тәрбие үрдісі де іске асады.
Кіші мектеп жасындағы балалардың қызығушылығы әлі де тұрақсыз болатындығын ескеріп, оларға сыныптан тыс жұмыстар кезінде қызығушылық тудыратын істерді баса ұйымдастыру қажет.
Жүйеаралық интеграция – оқу мен сыныптан тыс жұмыстардың өзара байланысы, мектепке дейінгі жастағы жалпы оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігінің маңызды да қажетті шарты болып табылады, оқушылардың білім сапасы мен көлемін ұлғайтудың қосымша мүмкіндіктерін тудырады.
Сонымен, білім беру үрдісіндегі интеграция әр түрлі пәндер арасындағы тұрақты байланыстарды нығайту және мектептен тыс іс-шараларды бұрын алған білімдерін байланыстыру мақсатымен жүйелі түрде жүзеге асырылатын үрдіс.
«Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани тәрбиесінің басқа пәндерге интеграциясы - бұл, ең алдымен, мектеп білімін жандандыру, оның адамгершілік және рухани мәнін ашу, бұл тұтас білім, мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар мен әртүрліліктегі бірлікке негізделген барлық нысандардың синтезі. Мәңгілік адами құндылықтар білім берудің басты бағыты болуға тиіс. Бүгінгі күннің шындығы балалардың жан дүниесінде мәңгілік адами құндылықтарға деген қажеттілікті ашып, тәрбиелеу, ізгі мінезді, таза ар-ождан, адамгершілік қасиеттері бар адамды тәрбиелеу қажеттілігін туындатады. Мектептің барлық педагогикалық іс-әрекетінің мақсатына жетуге әкелетін, адамға тәрбие дарытатын Ақиқат, Сүйіспеншілік, Дұрыс әрекет, Ішкі тыныштық және Қиянат жасамау сияқты құндылықтар екені байқалады.
Әрине, өзін-өзі танудың басқа пәндермен ықпалдастығы пән мұғалімдеріне қиындық тудырады. Бірақ қазіргі ғылымның дамуы барысында ол адамзатты сыртқы әлемнің құрылымы мен адамның ішкі әлемі, оның ойлары, сөздері, істері арасында тығыз байланыстың бар екендігін түсінуге жетелейді. Интеграция мұғалімнің дүниетанымына тікелей байланысты. Сіздің пәніңізге және балаларға деген сүйіспеншілік, мұғалімнің ашық жүрегі, жаңа нәрсеге деген қызығушылық, сіздің шынайы табиғатыңызды жақсартуға және білуге ұмтылу - бұл сіздің пәніңізді және «Өзін-өзі тану» пәнін ықпалдастырудың қажетті алғышарттары.
Арамызда жиірек «Біздің балалар неге оқуды қаламайды?» деген сұрақ туындайды. Бірақ сонымен бірге біз балалардың туғаннан бастап қызығушылық танытатынын білеміз, олар жаңа нәрсені үйренгісі келеді, олар осы әлемді зерттеуге тырысады. Жауап өте қарапайым: балалар білімге құштар, бірақ олар тірі білімге құштар.
Оқыту процесінде ең бастысы – белгілі бір білім көлемін жинақтау емес, ішкі ар-ожданның үніне сай өмір сүретін, жақсы мінезді, лайықты тұлға қалыптастыру. Білім өмір үшін болуы керек.
Қазіргі сабақтың мақсаты - позитивті ойлауды білетін, өзін-өзі тануға ұмтылатын, жауапкершілік сезімі бар, үнемі өзгеріп тұратын әлемге шыдамды және оны рухани байытатын адамды тәрбиелеу.
«Өзін-өзі тану» пәні мен басқа пәндердің ықпалдасуы не береді?
Интеграцияның негізгі мақсаты: мектеп бағдарламасының әртүрлі пәндерінің тығыз әрекеттестігі арқылы әлеуметтік құндылықты, моральдық-психологиялық, әлеуметтік-психологиялық, жеке, психофизикалық құзыреттіліктерді қалыптастыру үшін жағдай жасау.
Интеграция жолдары
1. Ұлы ғалымдардың өмірінен және ғылымның даму тарихынан шабыттандыратын мысалдар келтіру.
2. Қазіргі ғылымның жаңалықтарымен таныстыру.
3. Әр оқу пәнінің мазмұнында жалпы адамзаттық құндылықтарды анықтау.
Интеграцияланған сабақтардан бірнеше мысал келтіргім келеді.
Дүниетану, 1 сынып.
Тақырыбы: Достар және бақша зиянкестері.
Қанқоңыз кішкентай жәндік, бірақ оның пайдасы зор.
Қорытынды: Адам өмірде неғұрлым кішкентай болса, соғұрлым ол қоғамға көп пайда әкеледі.
Математика, 1 сынып.
Тақырыбы: х + 20 = 40 теңдеуін шешу.
Қорытынды: Белгісіздік өмірде де кездеседі, қорқудың қажеті жоқ, егер сіз белгілі бір ережелерді сақтасаңыз, әрқашан белгісіздіктен шығудың жолын таба аласыз.
География, 7 сынып.
Тақырыбы: Мұхиттағы өмір.
Мұхиттағы тіршіліктің таралуы ендік пен тереңдікке байланысты. Төмен температура мен полярлық түннің әсерінен полярлы аймақтардың сулары мен жануарлары аз. Жылы жыл мезгілінде тірі организмдер екі жарты шардың да қоңыржай аймақтарында жақсы дамиды.
Қорытынды: Жүрек неғұрлым суық болса, қоғамнан да алысырақ болмақ (достары аз). Біз басқаларға қаншалықты көбірек жылу берсек, соғұрлым көп аламыз.
Геометрия, 7 сынып.
Тақырыбы: Нүкте, сызық, кесінді, сәуле, бұрыш.
Үш нүктені белгілеңіз. Осы нүктелердің әрқайсысы арқылы өтетін барлық сызықтарды сызыңыз. Осыдан түзу сызықтардың қаншасын салуға болады?
Қорытынды: Белгілі бір жолмен жүру арқылы, берік мінез, ой, сөз, іс бірлігі дамиды.
Физика, 8 сынып
Тақырыбы: Магнит өрісі.
Кез – келген заттарды бір – біріне үйкелеп, соңынан бір - бірінен алшақтататын болсақ, бәрі бір - біріне тартылады.
Қортынды: Рухани жақын адамдар бір – біріне ренжісіп көңілі қалып жатса да, кейіннен түсінісіп сыйластықта бола алады.
Химия, 9 сынып
Тақырыбы: Атом туралы айтқанда.
Атом дегеніміз химиялық жолмен бөлінбейтін бөлшек.
Адамгершілік тұрғыда: атомды рухпен салыстыру; Рух “рухани бастаудың” қайнар көзі.
Биология
«Гүлдің құрылысы» тақырыбын өткенде «Бес құндылықты» айтып өтуге болады. Тамыры - ақиқат, сабағы – сүйіспеншілік, бүршік- ішкі тыныштық, жапырақ- дұрыс әрекет, гүлі- қиянат жасамау.
Гуманитарлық пәндерді интеграциялау
Әдеби тұрғыдан келгенде Абай мен Шәкәрім, Мағжан мен Мұқағали шығармаларының көркемдік ерекшеліктері айшықты оралымдардан көрінеді, ал бізге қажеттісі – олардың жан дүниесінің сұлулығы. Олар іздеген үйлесімдік пен ізгілік, махаббат пен достық, пейіл мен ықылас жарасымын адам бойындағы құнды қасиеттер деп бағалай отырып, біз әдеби-көркем туындылардағы мазмұн арқылы болашақ ұрпақты еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеуді нысана тұтамыз.
Өзін-өзі тану біртұтастықты қамтамасыз ететін мета пән. Әр пән баланы рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің құралы рухани болмысын жарыққа шығарушы болып табылады. Интеграция - адамның ғылыми ойлауын, әлемдік көзқарасын анықтайды. Интеграция - білімді жандандырушы, рухани – адамгершіліктің мән-мағынасын айқындаушы болып табылады.
Түптеп келгенде, бұл оқыту үрдісіндегі барлық пәнге ортақ міндет. Алайда, әр пәннің өзіндік ерекшелігіне орай бұл мақсат әр қырынан қиюласқанда ғана қисынын табады.Сондықтан пәнаралық ықпалдастыруды әр пәннің мазмұндық ерекшеліктеріне орай ойластыру қажет.
Қорытындылай келе, интеграция «ақыл үшін білім» және «жүрекке арналған білім» кешенді түрде жүргізілуі керек, өйткені «интеграция» ұғымы тек біріктіруші бөліктердің ерекшеліктерінің арифметикалық қосындысын ғана емес, сонымен бірге ақыл мен жүректің біртұтас тұтасуын біріктіруді білдіреді, жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сөз соңын Конфуцийдің сөздерімен аяқтағым келеді:
«Адам табиғи жаратылысы бойынша мейірімді болады, адам табиғатын толық ашу - білім арқылы жүзеге асады».
Қолданылған әдебиеттер тізімі: